Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері апталығы 16.03.26–18.03.26 ж. аралығында жоспарға сай өткізілді. Пән бірлестігінде 5 мұғалім жұмыс істейді. Апталықтың мақсаты – оқушыларды мемлекеттік тілді құрметтеуге тәрбиелеу, қазақ тілін терең меңгеруге ынталандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту.
Апталық 16 наурыз күні салтанатты түрде ашылды. Жоғары сынып оқушылары «Қазақ тілі – өз тілім, туған тілім» тақырыбында әдеби-танымдық бағдарлама ұсынды. Сол күні 1–11 сыныптар арасында «Бір мақал – бір бауырсақ» акциясы өтіп, оқушылар белсенді қатысты. Апта бойы «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» және «Қазақшаңыз қалай?» акциялары ұйымдастырылып, оқушылар қазақ тілінде сөйлеуге ынталандырылды.
Апталық аясында ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізілді. З.К. Сапанова ұйымдастырған «Бәрін білгім келеді» зияткерлік сайысында оқушылар білімдерін көрсетіп, белсенділік танытты. Барлығы 3 ашық сабақ және 1 сыныптан тыс іс-шара жоспарға сай толық өткізілді.
Ашық сабақтар жоғары деңгейде өтті:
5 «Ә» сыныбында Д.Т. Агитаева «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» тақырыбында тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып сабақ өткізді;
3 «Б» сыныбында А.Ж. Аушахметова «Тасқа сурет салған бала» тақырыбында заманауи әдістерді пайдаланды;
4-сыныпта Д.С. Сулейменова «Суды үнемдеу» тақырыбында топтық және саралап оқыту әдістерін қолданды.
17 наурыз күні «Алпамыс – ерлік пен елдіктің символы» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Байқауға 21 оқушы қатысып, көркем оқу шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде І орынды 6 «Ә» сынып оқушысы Ақылбек Тоғжан иеленіп, қалалық кезеңге жолдама алды. Іс-шара оқушылардың ұлттық рухын көтеріп, әдебиетке қызығушылығын арттырды.
18 наурыз күні Наурыз мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Оқушылар ұлттық киім киіп, салт-дәстүрлерді көрсетті. Ата-аналар белсенді қатысып, мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды.
Қорытындылай келе, апталық жоспарға сай толық әрі сапалы өткізілді. Барлық іс-шаралар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылып, өз мақсатына жетті.
Ұсыныс: келесі оқу жылында апталық жоспарына «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қосымша сыныптан тыс іс-шараларды енгізу.